Психологиялық тренинг. «Қорқынышыңды жеңе біл!»

Кәсіптік пәндердің циклдік 10 күндік іс-шарасы аясында 10.03.2020 жылы колледж студенттеріне  «Қорқынышыңды жеңе біл!» атты психологиялық тренинг өтті. Тренинг мақсаты: колледж студенттерінің бойындағы мазасыздану деңгейін төмендетіп, сергітіп, үрейді жеңуге көмек беру. Тренингті әдіскер-психолог Игибаева Анаргуль Умерхановна өткізді.  Тренинг барысында әңгімелесу, психологиялық жаттығу,  психологиялық тестілеу, Джекобсон релаксациялық гимнастикасы,  белсенді визуализация қолданылды. Қосымша «Орын ауыстыру», «Сиқырлы жазу», «Сурдо-аудармашы», «Бұзық телефон» «Орманда» атты аутогенді жаттығулары жүргізілді.

Бұл жаттығулардың  ішінде ең жақсы, әрі әрбір спортшы білуі тиіс жаттығу – Джекобсон релаксациялық гимнастикасын атап айту керек. Э.Джекобсон американдық дәрігер, психиатр, физиолог. Осы төмендегі  жаттығуды ұсынған:

Бұл техниканы орындауға 2 мин уақыт кетеді. Күніне екі мезгіл 5 секундтан  істеу қажет. Бұл жаттығуды күніге істеп жүрсеңіз  сіз бойыңыздағы мазасыздық, үрей, қорқыныш күйіңізді төмендетесіз.

Ол үшін:

1. Орындықтың арқасына арқаңызды тигізіп, тік отырыңыз. Аяғыңыз жерге нық тиіп тұруы қажет. Қолдарыңыз тізеңіздің үстінде тұрады.

2. Жаттығуды көзді жұмып істеуге де болады.

3. Білек бұлшықеттерінен бастаймыз. Асықпай 5-ке дейін ішіңізден санап, бұлшықеттеріңізге қысым салмақ беріңіз. Санаған сайын қысымды ұлғайта беріңіз.

4. 5-ке дейін санап болған соң бірден босатыңыз қысымнан. Сіз бірден қысым салған жердің рахаттанып қалғанын сезесіз.

5. Енді жаттығуды қайталаймыз. Бірақ бұл жерде тек білек бұлшықеттерін ғана емес иық жаққа да қысым түсіресіз.

6. Одан соң иық бұлшықеттерін толық қосып қысым бересіз. Соңында қол бұлшықеттері мен арқа бұлшықеттерін толық қосып қысым бересіз де, 5 сек. босатасыз.

Осы жаттығуды жасап үйренген соң аяқ, іш бұлшықеттеріне де жасап көруіңізге болады. Жасау барысында міндетті түрде тік отыруды ұмытпау қажет. 

 Тренинг керемет «Есек пен құдық туралы» деп аталатын тәлімдік әңгімемен қорытындыланды:

«Бір күні диханшының есегі құдыққа түсіп кетіпті. Жүгіріп келіп қараса құдық әбден түбі кеуіп кеткен екен. Содан оның ойына өзінше «керемет идея» келеді. Құдық кеуіп кеткен, есекте қартайған. Жаңа есек алу керек. Оданда оны есекпен бірге көме салайын, бәрі бір шығара алмаймын деп шешіп, көрші ер адамдарды шақырады. Барлығы бірге есектің ақырған  даусына мән бермей  топырақ лақтырып көме бастайды. Бір уақытта есектің үні шықпай қалады. Үні неге шықпай қалғанына барлығына қызық болып, құдыққа үңіліп қараса, есек арқасына түскен топырақты қағып аяғының астына түсіріп, таптап үстіне мініп тұр екен. Сөйтіп адамдар топырақты лақтырып-лақтырып, ақыры есек жоғарыға дейін жетіп босап шығыпты.

Өмір адамға жағымсыз сәттерді осылай етіп жіберіп отырады. Айқайлап, жылап, ыңылдап, «өмір әділетсіз, жаман»,-деп отыра беруге болады немесе  басыңа түскен мәселені  есектің арқасына түскен топырақтай қағып аяқ астына түсіріп, оны таптап жоғарыға  көтерілуге болады. Ең бастысы қарап отыруға болмайды». 

Қатысушылар әсері оңынан болды. Өз лебіздерін, ұсыныстарын кері байланыс парақшаларына қалдырып, тарасты. Бұл тренинг көп жағдайда студенттер  үшін кернеуден босаңсуға, бір-бірімен жақындаса түсуге септігін тигізеді. Осы мақсатта мұндай жұмыстар оқу-әдістемелік жұмыстарда етек жаюын қатты керек ететіндігі айқындалды. Алдағы уақытта мұндай тренингтер жалғасын таппақ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *